Флорентино Перес Ла Лигадағы төрешілерді айыптады: «Бізден 7 чемпиондықты ұрлады»
«Реал Мадрид» президенті Флорентино Перес Ла Лигадағы төрешілік пен Негрейра ісіне қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Ол УЕФА-ға 500 беттік құжат жолдайтынын айтты.
«Реал Мадрид» клубының президенті Флорентино Перес Ла Лигадағы төрешілік мәселесіне байланысты өте қатаң пікір білдірді. Сонымен қатар ол испан футболындағы атышулы Негрейра ісіне де тоқталып, мұны әлем футболы тарихындағы ең ірі жемқорлық дауларының бірі деп атады.
Перестің айтуынша, клуб қазіргі уақытта 500 беттен тұратын арнайы құжат дайындап жатыр. Бұл материал жарыстар аяқталғаннан кейін УЕФА-ға жолданбақ.
— Біз жарыстар аяқталған соң УЕФА-ға 500 беттік құжат жібереміз. Әлем футболының тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Бұл — тарихтағы ең үлкен жемқорлық дауы, — деді Перес.
Сондай-ақ мадридтік клуб басшысы «Реалдың» соңғы жылдардағы көптеген чемпиондықтардан әділетсіз айырылғанын мәлімдеді.
— Мен «Реалмен» небәрі 7 рет Ла Лига жеңіп алдым ба? Негізі 14 рет чемпион болуым керек еді. Қалған 7 титулды бізден тартып алды. Тек осы маусымның өзінде төрешілер Ла Лигада бізден 18 ұпайды алып кетті, — деп эмоциясын жасырмады ол.
Бұл мәлімдеме футбол жанкүйерлері арасында үлкен резонанс тудырып отыр. Әсіресе төрешілер жұмысы мен испан футболындағы әділдік мәселесі қайтадан қызу талқыға түсті.