«Барселона» мен «ПСЖ» арасындағы текетірес алаңнан тыс жерде де жалғасты. Париждік жанкүйерлердің матч басталар алдында көрсеткен баннері каталондық клуб басшылығының наразылығын тудырды.

Баннерде The Texas Chain Saw Massacre қорқынышты фильміндегі маньяк бейнеленген. Ол «ПСЖ» жейдесін киіп, қолындағы арамен «Барселонаның» эмблемасын кесіп тұрғаны көрсетілген. Ал баннердің төменгі жағында «Париждегі қанды қырғын» деген жазу болған.

Бұл көрініс «Барселона» өкілдерінің сынына ұшырады. Каталондық клуб басшылығы жанкүйерлердің әрекетіне байланысты УЕФА-ға ресми шағым түсіру мүмкіндігін қарастырып отыр.

Әзірге шағымның нақты қашан түсетіні және УЕФА тарапынан қандай да бір шара қабылданатыны белгісіз. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитіні алдағы уақытта белгілі болады.