«Ертіс» ФК мамырдағы үй матчтарын Астанада өткізеді
Павлодардағы стадион жөндеуіне байланысты «Ертіс» ФК мамыр айындағы үй ойындарын «Астана Аренада» өткізеді.
Павлодар қаласындағы Орталық стадионда жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты «Ертіс» футбол клубы мамыр айындағы өз алаңындағы матчтарын уақытша Астана қаласында ұйымдастырады.
Қазақстан футбол федерациясының кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының талаптарына сәйкес, Премьер-лига ойындары арнайы стандарттарға сай келетін стадиондарда өтуі тиіс. Осы талаптарға сәйкес келетін ең жақын арена — «Астана Арена».
Осыған байланысты «Ертіс» командасы мамыр айында үш үй матчын аталған кешенде өткізуді жоспарлап отыр:
- 2 мамыр: «Ертіс» – «Қайрат»
- 16 мамыр: «Ертіс» – «Елімай»
- 27 мамыр: «Ертіс» – «Ұлытау»
Орталық стадион өкілдерінің мәліметінше, нысанда жасанды жабындыны ауыстыру, автоматтандырылған суару жүйесін орнату және батыс трибунаны косметикалық жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жаңарту жұмыстары маусым айында аяқталады деп күтілуде. Осыдан кейін команда өз алаңына қайта оралады.
Клуб басшылығы павлодарлық жанкүйерлерден уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, қолдау білдіруді сұрайды.