Алматыдағы Орталық стадионда өткен УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің қарымта матчында «Қайрат» жанкүйерлеріне ұмытылмас кеш сыйлады. Алғашқы ойында сырт алаңда 0:1 есебімен жеңілген алматылықтар өз алаңында дәл сондай есеппен жеңіске жетіп, қарсыласын пенальти сериясында тізе бүктірді.

Кездесу басталғаннан-ақ алаң иелері шабуылды үдетіп, қарсылас қақпасына қысым көрсетті. Матчтың 26-минутында «Омония» қорғаушысы Андреас Какуллис тікелей қызыл қағаз алып, кипрлік клуб кездесудің қалған бөлігін он ойыншымен өткізді.

Сан басымдығын тиімді пайдаланған «Қайрат» 37-минутта есеп ашты. Лев Матастың нәтижелі пасынан кейін Эдмилсон дәл соққымен қақпаны дәл көздеп, екі матч қорытындысындағы есепті теңестірді – 1:1.

Қосымша уақытта жеңімпаз анықталмады

Екінші тайм мен қосымша уақытта алматылықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, жеңіс голын соға алмады. «Омония» қорғаныста сауатты ойнап, ойын тағдыры пенальти сериясына ұласты.

Пенальтидегі драмалық жеңіс

Он бір метрлік айып соққылары сериясында Эдмилсон, Ян Оксанен, Александр Мартынович, Гуал, Алмас Тұяқбаев және Михаил Биркурманов өз мүмкіндіктерін мүлтіксіз орындады.

Тек Олжас Байбектің соққысын қарсылас қақпашысы қайтарғанымен, шешуші сәтте «Омония» ойыншысы Никос Панагиоту өз мүмкіндігін мүлт жіберді.

Осылайша «Қайрат» пенальти сериясында 6:5 есебімен жеңіске жетіп, УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Келесі қарсылас – «Левски»

Енді Рафаэль Уразбахтин шәкірттерін Болгарияның атақты «Левски» клубына қарсы қос матч күтіп тұр.

Алғашқы кездесу 2026 жылдың 4 тамызында Болгарияда өтеді. Матч Астана уақытымен 22:30-да басталады. «Қайрат» сырт алаңдағы ойыннан кейін қарымта кездесуді Алматыда өткізеді. Бұл текетірестің жеңімпазы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне бір қадам жақындай түседі.