«Қайрат» өткен жетістіктерімен емес, ертеңгі ойынымен бағаланады» – «Омония» бас бапкері QazFootMedia сауалына жауап берді
«Омония» бас бапкері: «Қайраттың» халықаралық тәжірибесі бар, бірақ бәрі алаңда шешіледі Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі қарсаңында кипрлік «Омонияның» бас бапкері QazFootMedia тілшісі Алина Екибасованың сұрағына жауап беріп, алматылық «Қайраттың» қазіргі деңгейі
ойын стилі және алдағы матч туралы пікірін білдірді.
QazFootMedia тілшісі өткен маусымда «Қайраттың» Чемпиондар лигасы іріктеуінде мықты қарсыластарды жеңіп, сәтті өнер көрсеткенін еске салып, ертеңгі кездесуде командасына ең алдымен неге көңіл бөлу қажет екенін сұрады.
Бас бапкердің айтуынша, қазіргі «Қайратты» өткен жылғы құраммен толық салыстыру қиын.
«Қазіргі “Қайратты” өткен жылғы командамен салыстыру оңай емес. Құрамда өзгерістер бар. Ол кезде команда физикалық қуатымен ерекшеленсе, қазір техникалық деңгейі жоғары футболшылар көбейді деп ойлаймын.
Сонымен қатар, “Қайрат” Қазақстан Премьер-лигасында ойын барысын бақылауға үйренген команда. Өткен маусымда да солай болды, биыл да сол үрдіс жалғасып келеді. Олар әрдайым жоғары мақсаттар үшін күресіп, осындай кездесулерде өздерін сенімді сезінеді.
Өткен жазда “Қайрат” Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өте мықты қарсыластарды жеңіп, лайықты нәтижеге қол жеткізді. Мұндай халықаралық тәжірибе үлкен рөл атқарады. Құрам өзгергенімен, сол тәжірибені сақтап қалған футболшылар әлі де бар.
Бірақ өткен жетістіктер ертеңгі матчтың нәтижесін шешпейді. Барлығы алаңда анықталады. Бізді өте қиын ойын күтіп тұрғанын түсінеміз және өзіміздің ең үздік футболымызды көрсетуге дайынбыз», – деді «Омонияның» бас бапкері.
Айта кетейік, бұл жауап QazFootMedia тілшісі Алина Екибасованың ресми баспасөз мәслихатында қойған сұрағына берілді. Ертеңгі кездесу екі команда үшін де Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне жолдама тұрғысынан аса маңызды болмақ.