«Елімай» еурокубокпен қоштасты: семейліктер «Алашкертке» пенальти сериясында есе жіберді
Семейдің «Елімай» клубы УЕФА Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесуде Арменияның «Алашкертін» қабылдап, негізгі және қосымша уақытта 2:2 есебімен тең түсті. Екі матч қорытындысы бойынша есеп 3:3 болды. Алайда пенальти сериясында армениялық клуб 6:5 есебімен жеңіске жеті
Алғашқы болып есепті қонақтар ашты. 4-минутта Момо Туре мергендік танытып, «Алашкертті» алға шығарды. Бірақ семейліктер ұзақ күттірмей жауап қайтарды. 11-минутта Ақмаль Бахтияров Фессу Плакканың пасынан кейін таразы басын теңестірді – 1:1.
Екінші таймда қос команда да сақ ойнап, негізгі уақыт соңына дейін есеп өзгерген жоқ. Осылайша ойын қосымша уақытқа ұласты.
Қосымша уақыттың 96-минутында Хрвое Илич пенальтиден гол соғып, «Елімайды» алға шығарды. Алайда матчтың ең соңғы сәттерінің бірінде, 120+1-минутта Нигор Габриэлдің автоголы кездесуді қайта теңестіріп, тағдырды пенальти сериясына алып келді.
Он бір метрлік соққылар сериясында «Елімай» сапынан Жанәлі Пайруз, Хрвое Илич, Милан Беланчич, Арсен Әшірбек және Родриго Сото дәл соққы жасады. Алайда Иван Свиридов пен Дубан Паласио өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Өз кезегінде «Алашкерт» алты пенальтиді сәтті орындап, тек бір мәрте қателесті. Нәтижесінде серия 6:5 есебімен аяқталып, армениялық ұжым келесі кезеңге жолдама алды.
Бұл нәтиже «Елімайдың» биылғы еурокубоктағы жолының аяқталғанын білдіреді. Семейлік клуб жанкешті мінез көрсеткенімен, пенальти сериясында жолы болмады.