Алғаш болып алаңға шыққан албаниялық «Динамо Сити» футболшылары елордадағы алғашқы жаттығуларын өткізіп, «Астана Аренадағы» жағдайға жоғары баға берді. Команда ойыншылары стадионның инфрақұрылымы мен алаң сапасына көңілдері толатынын айтып, матчқа толық дайын екендерін жеткізді. Алғашқы кездесуде 0:1 есебімен жеңіліс тапқан қонақ команда ойыншылары жауапты матчта бар күшін салып, жеңіспен елге оралуды мақсат етіп отырғандарын жасырмады. Олардың айтуынша, ертеңгі ойын тағдырды шешетін маңызды кездесу болмақ. Өз кезегінде «Астана» футбол клубы да «Астана Аренада» ресми жаттығуын өткізіп, соңғы дайындықтарын пысықтады. Жаттығу барысында футболшылардың көңіл күйі көтеріңкі, ал физикалық дайындығы жоғары деңгейде екені байқалды. Командадағы барлық ойыншы маңызды кездесуге сақадай сай. Ауа райының ыстығына қарамастан, елордалық ұжым матч барысында жеңіс үшін соңына дейін күресуге дайын. Бас бапкер Григорий Бабаян ойын алдындағы баспасөз мәслихатында қарсылас туралы пікір білдіріп, команданың жауапты кездесуге толық дайын екенін айтты.

Григорий Бабаян: «Динамо Сити» – мықты командалардың бірі. Алғашқы матчтың алғашқы 20 минутында олар өз ойындарын көрсете алды, біз үшін қиын сәттер болды. Дегенмен екінші таймда жағдайды өзгертіп, жеңіске жеттік. Ертеңгі ойын біз үшін өте маңызды. Сондықтан жігіттер барынша қателеспей, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тырысады. Жеңіс біздікі болады деп сенемін. Енді барлық назар ертеңгі шешуші кездесуге ауысты. Екі команда да Конференциялар лигасының келесі кезеңіне жолдама алу үшін бар күшін салмақ. «Астана» өз жанкүйерлерінің қолдауына сенсе, «Динамо Сити» алғашқы матчтағы жеңісін сақтап қалуға тырысады.

 QazFootMedia