Бірінші тайм: АҚШ қарсыласын ерте састырды

Кездесу АҚШ құрамасының белсенді шабуылдарымен басталды. Ойынның 7-минутында Парагвай қорғаушысы Бобадилья өз қақпасына гол соғып, америкалықтарды алға шығарды – 1:0.

28-минутта АҚШ шабуылшысы Фоларин Балоган тағы бір мәрте мергендік танытқандай көрінгенімен, VAR жүйесі офсайд тіркеп, гол есепке алынбады.

Алайда америкалықтар қысымды тоқтатқан жоқ. 31-минутта Кристиан Пулишичтің пасынан кейін Фоларин Балоган есеп айырмасын ұлғайтты – 2:0.

Бірінші таймның қосымша уақытында АҚШ тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Бұл жолы Малик Тиллманның пасын Фоларин Балоган голға айналдырып, дубль авторы атанды. Осылайша алғашқы 45 минут АҚШ құрамасының 3:0 есебіндегі басымдығымен аяқталды.

Екінші тайм: Парагвай жауап берді, бірақ камбэк жасай алмады

Үзілістен кейін Парагвай құрамасы ойынға өзгерістер енгізіп, шабуылға көбірек көңіл бөле бастады. Нәтижесінде 73-минутта Энсисоның нәтижелі пасынан кейін Маурисио есеп айырмасын қысқартты – 3:1.

Голдан кейін оңтүстікамерикалық команда шабуылдарын жиілеткенімен, АҚШ қорғанысы сенімді ойын көрсетті. Матчтың соңғы минуттарында алаң иелері қарсы шабуылдарға ден қойып, кездесудегі соңғы нүктені қойды.

90+8-минутта Айдан Фриманның пасынан кейін Джованни Рейна мергендік танытып, матчтың қорытынды есебін белгіледі – 4:1.

АҚШ құрамасы турнирді жарқын бастады

Бұл жеңіс АҚШ құрамасына топтық кезеңдегі маңызды үш ұпай сыйлады. Команда алғашқы матчтан-ақ шабуылдағы әлеуетін көрсетіп, әлем чемпионатындағы жоғары мақсаттарын аңғартты.

Ал Парагвай үшін алғашқы тур сәтсіз аяқталды. Команда келесі кездесулерде ұпай жоғалтпауға тырысады.

АҚШ – Парагвай 4:1
Голдар: Бобадилья (автогол, 7), Балоган (31, 45+5), Рейна (90+8) – Маурисио (73).