QPL-дегі нәтижелер:

  • «Ордабасы» — «Ертіс» 2:2
  • «Жеңіс» — «Ордабасы» 0:2
  • «Ордабасы» — «Қайсар» 2:0
  • «Ордабасы» — «Атырау» 1:1
  • «Астана» — «Ордабасы» 1:1
  • «Ордабасы» — «Оқжетпес» 2:1
  • «Қызылжар» — «Ордабасы» 1:2
  • «Ордабасы» — «Ақтөбе» 2:0
  • «Алтай» — «Ордабасы» 0:0
  • «Ордабасы» — «Жетісу» 2:1
  • «Тобыл» — «Ордабасы» 0:3
  • «Ордабасы» — «Қайрат» 2:1

Қазақстан Кубогы:

  • «Оңтүстік» — «Ордабасы» 2:4
  • «Каспий Ақтау» — «Ордабасы» 0:3
  • «Ордабасы» — «Жетісу» 1:0

Алда шымкенттік клубты маңызды кездесулер күтіп тұр. Команда Семейде «Елімайға» қарсы алаңға шығады. Сонымен қатар Қазақстан Кубогында «Алтаймен» тартысқа түседі. Қазіргі ойын қарқынына қарасақ, «Ордабасы» биыл чемпиондыққа да, Кубокқа да басты үміткерлердің бірі саналады.

«Қайратқа» қарсы тарихи жеңіс

Кешегі «Ордабасы» — «Қайрат» кездесуі шымкенттік клуб үшін аса маңызды болды. Себебі соңғы төрт ойында алматылықтарға қарсы көрсеткіш көңіл көншітпейтін — бір жеңіс және үш жеңіліс тіркелген еді. Бұл жолы команда өз алаңында жанкүйерлер алдында маңызды жеңіске қол жеткізді.

Айта кетерлігі, матчқа билеттер толық сатылып, қатарынан алтыншы рет SOLD OUT тіркелді. Бұл — Шымкенттегі футболға деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын көрсетеді.

Ойын өте тартысты өтті. Алғаш болып есепті 14-минутта «Қайрат» шабуылшысы Жоржиньо ашты. Алайда «Ордабасы» тез ес жиып, 28-минутта Kilama G. таразы басын теңестірді. Бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталды.

Екінші таймда алаң иелері допқа көбірек иелік етіп, шабуылды күшейтті. Нәтижесінде 64-минутта Астанов Э. жеңіс голын соқты. Қалған уақытта «Қайрат» есепті теңестіруге тырысқанымен, жеңіс шымкенттік клубқа бұйырды.

Уразбахтиннің сыны
Матчтан кейін «Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин ойыншыларының ойынына қатысты пікір білдірді.
«Менің ойымша, ойыншылар өз жұмыртқаларын үйде немесе қонақ үйде ұмытып кеткен сияқты», — деп қысқа қайырды маман.
Сонымен қатар ол алдағы уақытта команда сапында жаңа ойыншылардың пайда болуы мүмкін екенін де жасырмады.
Қақпашы Темирлан Анарбеков жайлы сұраққа:
«Келесі жолы қолғаптарына бал жағып қоятын шығармыз», — деп әзіл аралас жауап берді.
Андрей Мартиннің пікірі
«Ордабасы» бас бапкері Андрей Мартин матчтан кейін ойыншыларына алғысын айтып, команданың ойынына көңілі толғанын жеткізді. Сонымен қатар төрешілер жұмысына ризашылығын білдіріп, «Қайраттың» да сапалы ойын көрсеткенін атап өтті.
Сондай-ақ клубтың трансферлік жұмыстары жүріп жатқанын айтып, жақын арада команда қатарына жаңа футболшылар қосылуы мүмкін екенін меңзеді.

Қазіргі таңда «Ордабасы» тек нәтижемен емес, мінезімен де ерекшеленіп келеді. Алда клубты маусым тағдырын шешетін маңызды әрі тартысты кездесулер күтіп тұр.