Марат Ысқақов бастаған төрешілер бригадасының жұмысы жайлы алғаш болып "Қайрат" клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында пікір білдірді. Ол сөз басында "Қайсар" қақпашысы Адам Ковачтың уақыт созғанын тілге тиек етті.

— Жалпы, бұл қандай қойылым? Мен қосалқы төрешіге барып: "Сіз оны кем дегенде бір рет ескертесіз бе?" — дедім. Маған ескерту жасалғанын айтты. Бірақ қашан? Бір ойыншы құлап қалады, екіншісі тағы жатады... Нағыз спектакль. Мұндай футболды қалай ойнауға болатынын түсінбеймін.

— Ал есепке алынбаған гол мен үшін күтпеген жағдай болды. Әрине, көңілде реніш бар. Бірақ не істей аламыз? Бұл нәтижені қабылдап, әрі қарай жүру керек, — деді Уразбахтин.

Ал матч барысында алматылық жанкүйерлер де шектен шығып кеткендей әсер қалдырды. Олар бас төреші Марат Ысқақовтың жеке басына қатысты қорлайтын сипаттағы айқайлар шығарған.

Әлеуметтік желілерде жанкүйерлердің "Төрешінің әйелі ер адам" ("У судьи жена мужчина") деп айқайлаған сәті түсірілген бірнеше бейнежазба тарады.

Мұндай әрекеттерден кейін "Қайрат" футбол клубы жазаға тартылуы әбден мүмкін. Себебі жанкүйерлер матчтың ресми тұлғаларына (төрешілер бригадасы, матч инспекторы, ҚФФ өкілдері немесе қарсылас команданың қызметкерлері) қатысты қорлайтын немесе балағат сөздер айтқан жағдайда, клубқа қомақты айыппұл салынуы ықтимал.

Сонымен қатар, бапкерлердің де төрешілерге қатысты негізсіз айыптаулары тәртіптік жазаға әкелуі мүмкін. Ағымдағы маусымда Андрей Мартин мен Қайрат Нұрдәулетов төрешілерге байланысты мәлімдемелерінен кейін төрт матчқа шеттетілген болатын. Ал өткен маусымда "Жетісу" клубын жаттықтырған Самат Смақов та төрешілер жайлы пікірлері үшін дәл осындай жаза алған еді.

Жалпы, биыл жанкүйерлердің тәртіп бұзуына байланысты жазаланған клубтар аз емес. Мәселен, "Ақтөбе" жанкүйерлерінің анайы сөздеріне байланысты клуб бірнеше рет айыппұл төлеген жағдайлар тіркелген.