Қазақстан Премьер-лигасының клубтарына УЕФА-дан 226 миллион теңге бөлінеді
Алдағы уақытта Қазақстан Премьер-лигасының барлық клубына УЕФА тарапынан шамамен 226 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл қолдау алматылық Қайрат клубының УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуымен тікелей байланысты болып отыр.
УЕФА-ның қаржылық ынтымақтастық бағдарламасы аясында бөлінетін бұл қаражат Еуропа кубоктарына қатыспаған клубтарды қолдауға бағытталған. Ұйымның ресми ережесіне сәйкес, қаржы балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, академиялар жұмысын жетілдіруге, инфрақұрылымды жақсартуға және жас ойыншыларды даярлауға жұмсалуы тиіс.
Бұған дейін бірқатар дереккөздер «Қайраттың» Чемпиондар лигасына шығуы Қазақстан клубтарына қомақты қаржылық мүмкіндік сыйлағанын хабарлаған болатын. Кей мәліметтерде бұл сома 255 миллион теңгеге дейін жететіні айтылды.
Айта кетейік, УЕФА 2024–2027 жылдарға арналған жаңа циклде solidarity payments көлемін айтарлықтай арттырды. Енді еурокубоктарға қатыспайтын клубтарға жыл сайын жалпы 308 миллион еуроға дейін қаржы бөлінеді. Бұл қаражат ұлттық қауымдастықтар арқылы үлестіріліп, футбол инфрақұрылымы мен жастар жүйесін дамытуға бағытталады.
Ал Қайрат клубының Чемпиондар лигасындағы тарихи жетістігі қазақстандық футбол үшін үлкен серпін болды. БАҚ мәліметінше, алматылық клуб турнирден 11–13 миллиард теңгеге жуық табыс тапқан.