Команданың жоғары дивизионға оралуы маусымдағы сәтті нәтижелердің жемісі ғана емес. Соңғы уақытта клубта басқару жүйесі мен даму бағытына айтарлықтай өзгерістер енгізіліп, футболдың болашағына арналған ауқымды жоспарлар қолға алынған.

Клубқа Тимур Турловтың келуімен Қарағандыдағы футбол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Соның ең ірі жобаларының бірі — заманауи футбол академиясының құрылысы. Жобаға шамамен 12 миллиард теңге инвестиция қарастырылған.

Жаңа академия жас футболшылардың кәсіби тұрғыда өсуіне қажетті жағдай жасауға бағытталған. Кешен құрамында 3500 көрерменге арналған стадион, жабық манеж және толық көлемді футбол алаңы болады. Бұл Қарағандыдан жаңа буын ойыншыларын тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Сонымен қатар қаланың футбол инфрақұрылымындағы басты нысандардың бірі — Орталық стадион да жаңартылады. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін стадион келесі жылдан бастап «Шахтердің» өз алаңындағы кездесулерін қабылдауға дайын болады.

Клубтың стратегиясында балалар футболына да ерекше орын берілген. «Шахтер» Қазақстанның әр өңірінен талантты жасөспірімдерді анықтап, олардың футболшы ретінде қалыптасуына қажетті жағдай жасауды көздеп отыр.

Бұл ретте жергілікті футбол мектебінің тәрбиеленушілеріне де басымдық берілмек. Қарағандылық жас ойыншыларды негізгі командаға дейін жеткізу — клубтың ұзақ мерзімді жоспарларының бірі.

«Шахтердің» мақсаты тек ҚПЛ-ға қайта оралу емес. Қарағандылық клуб болашақта Қазақстан чемпионатында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, халықаралық аренада да ел намысын қорғауды жоспарлап отыр.

Екі жылдық үзілістен кейін «Шахтердің» ҚПЛ-ға қайта келуі — Қарағанды футболындағы жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін. Енді басты сұрақ — команда жоғары деңгейде өзін қаншалықты көрсете алады?

Ал клубтың инфрақұрылымға, академияға және жергілікті футболға жасап жатқан инвестициясы ұзақ мерзімде өз нәтижесін берсе, Қарағанды футболының жаңа әрі жарқын тарихы жазылуы әбден мүмкін.shakhter-kpl-qaragandy-futbolyqazfootmediakz