🇫🇷 «ПСЖ» Қазақстанда академиясын аша ма? Астанада жаңа жоба талқылануда
Францияның әйгілі «Пари Сен-Жермен» (ПСЖ) клубы Қазақстанда өзінің ресми футбол академиясын ашуы мүмкін. Бұл туралы инсайдер Эльдар Аманбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Астана қаласында PSG Academy жобасын іске қосу мәселесі талқыланып жатыр .
Әзірге тараптардан ресми мәлімдеме жасалған жоқ және жоба келіссөз кезеңінде тұр.
Егер бастама жүзеге асса, бұл Қазақстан футболы үшін маңызды оқиға болмақ. Себебі PSG Academy әлемнің 20-дан астам елінде жұмыс істейді және 4 пен 17 жас аралығындағы балаларды клубтың ресми әдістемесі бойынша дайындайды. Академияларда ПСЖ сертификатына ие бапкерлер жұмыс істеп, жас ойыншыларға кәсіби дайындық бағдарламасы ұсынылады.
Қазіргі таңда PSG Academy Түркия, Катар, Жапония, Сауд Арабиясы, БАӘ және басқа да көптеген елдерде табысты қызмет атқарып келеді. Сондықтан Астанада академияның ашылуы қазақстандық жас футболшылар үшін халықаралық деңгейдегі дайындыққа жол ашуы мүмкін.
Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Дегенмен келіссөздердің сәтті аяқталуы Қазақстандағы балалар футболының дамуына жаңа серпін беруі ықтимал.