Қазақстан футбол федерациясы Қазақстан құрамаларының жаңа формасын таныстырды
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамаларға арналған жаңа ойын формаларын ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды QazFootMedia.kz сайты. Бұл жиынтықтар Adidas компаниясы тарапынан UEFA-ның Kit Assistance Scheme бағдарламасы аясында әзірленген.
Жаңа форма екі нұсқада ұсынылды: үйдегі матчтарға арналған сары түсті және сырт алаңдағы кездесулерге арналған көк түсті жиынтық. Осы бағдарлама аясында Қазақстан құрамасы Adidas компаниясынан қолдау алған Еуропаның он ұлттық құрамасының бірі атанды. Команда бұл формамен алдағы екі жыл бойы өнер көрсетеді.
UEFA Kit Assistance Scheme бағдарламасы ұлттық қауымдастықтарды қолдап, оларды заманауи спорттық киіммен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ қатысушыларға Adidas Locker Room қызметі ұсынылады. Бұл жүйе арқылы командалар өздеріне арнайы дизайн жасап, экипировкаға тапсырыс бере алады.
Ұлттық құраманың жаңа формадағы алғашқы ойыны маусым айында өтеді. Қазақстан құрамасы жолдастық кездесулерде Армения және Венгрия құрамаларына қарсы алаңға шығады.
