Алғашқы болып есепті шымкенттік клуб ашты. Ойынның 77-минутында Жасұлан Әмір дәл соққымен мергендігін танытып, «Ордабасыны» алға шығарды. Матч аяқталуға жақын қалған сәтте алаң иелері таразы басын теңестіруге бар күшін салды. Нәтижесінде қосымша уақыттың 90+5-минутында Ян Вороговский есепті теңестіріп, «Астанаға» бір ұпай сыйлады.

 

Бұл кездесуді тамашалауға 13 655 жанкүйер жиналып, командаларға ерекше атмосфера сыйлады. Қолдаудың арқасында алаң иелері соңына дейін күресіп, маңызды гол соға алды.

 

Жалпы ойын барысында екі команда да жоғары деңгейдегі футбол көрсетті. Қақпашылардың сенімді сейвтері, қауіпті шабуылдар мен шиеленісті сәттер матчтың көркін қыздырды.

 

«Астана» клубы қазіргі жағдайына қарамастан, алаңда сапалы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Команданың әлеуеті жоғары екені байқалады, әрі жанкүйерлердің сенімі клубтың әлі талай белесті бағындыратынына негіз бар екенін аңғартады.

 

Ал «Ордабасы» биылғы маусымда жақсы қарқынға ие. Турнирлік кестеде үздік бестік қатарында келе жатқан шымкенттік ұжым тұрақты әрі нәтижелі ойын көрсетіп жүр.